Жаңа форматта өткен кезекті шарада облыстағы бес басқарманың басшылары қатысып, азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мен Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының өкілдері тұрғындармен кездесіп, мәселелерін қарады. Бұл шараға Облыстық жер қатынастары мен жер испекциясы және Отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқарма басшылары да арнайы қатысты. Қабылдауға түрлі түйткілдерімен 77 азамат келді.
Басқарма басшыларына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алған азаматтардың басым бөлігі жеке мәселелерін ортаға салды. Солардың бірі - шымкенттік азаматша Қайнарбұлақ елді мекеніндегі ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелеріне тұрғын үй салуға рұқсат алғысы келеді. Ал, Сағила Жасқараева Ақтас мөлтекауданындағы жеке меншік үйінің құжаттарын рәсімдеуге көмек сұраса, Нұрлыгүл Тұрысбаева есімді азаматша жұмыстан заңсыз босап қалғанын жеткізді. Басқарма басшылары тұрғындарды тыңдай келе, олардың мұқтаждықтарын заң аясында қарап, оңтайлы шешуге ықпал ететіндіктерін мәлімдеді.
«Жер инспекциясы мен Жер қатынастары басқармасына 40-қа жуық азаматтың арызы тіркелді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 16, Отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармаға 12, ал Еңбек инспекциясы басқармасына 10 адам келіп мәселесін шешіп беруді өтінді», - дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.
Айта кетейік, қоғамдық қабылдау облыс әкімінің тапсырмасымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бүгінге дейін 18 басқарма басшысы азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдаған болатын. Жаңа форматтағы соңғы іс-шара 8 ақпанға жсопарлануда. Ендігі кезекте тұрғындар экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты арыздана алады.