ОҚО-дағы халыққа қызмет көрсету орталықтары 16 сағат қызмет көрсетпек

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеуге көшуде. Бұл жоба алдымен Қаратау аудандық бөлімшесінде жүзеге асып отыр.

Себебі, кешкі мезгілде орталықтың жұмысына жүгінетіндер көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департамент директоры  Еркебұлан Әлсейітовтің айтуынша, бүгінде өңірде  33 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда соңғы алты айда 3 миллионнан астам қызмет көрсетілген.

«Жыл басынан бері орталыққа 22 мыңнан астам баланың туылғаны туралы өтініш келіп түскен. 7 мыңнан астам ана бала күтіміне байланысты  жәрдемақы тағайындауға құжат тапсырған. 4 мыңға жуық азаматтан сәбиін балабақша кезегіне тіркеу жөнінде өтініштер қабылданды. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету жұмыстары да жүйеленген. Сурдоаударма тілін меңгерген 89 маман жұмыс істейді»,-дейді Еркебұлан Әлсейітов.

Департамент директоры сондай-ақ, аудан-қалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары келешекте  жеке сот орындаушылар, заңгерлер және адвокат қызметкерлерімен бір кеңседе отырып, жұмыс істейтінін айтады. Бұл шаралар өз кезегінде  азаматтардың уақытты тиімді пайдалануына оң ықпал етеді деп отыр.