Сала басшылары музейлер рөлін күшейту мен халық қазынасы саналатын жәдігерлерді зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал ететініне сенімді.
«Еліміз үшін өзіндік маңызға ие музейлер күні өлкедегі ұлттың құндылығын дәріптеп, жәдігерлерді жаңғыртуы және қойнауы кең мұражайлар қорының артуы тарих үшін мол байлық болып қалары сөзсіз», - деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталығына берілді. Бірінші орынды Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейі иемденсе, Төле би аудандық және облыстық мақта шаруашылығы тарихының музейлеріне екінші орынды иемденді. Үшінші орынға Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі, Арыс қаласы және Бәйдібек аудандық көркем-сәулет музейлері лайық деп танылды. Ал, музей филиалдары бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік музейі бас жүлдеге ие болса, бірінші орын облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шардара ауданындағы филиалына берілді. Екінші орын облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің Н.Төреқұлов атындағы және Төле би аудандық музейінің Тасарық сурет галереясы филиалдарына бұйырса, облыстық тарихи -мәдени этнографиялық орталығының Н.Оңдасынов атындағы және облыстық тарихи - өлкетану музейінің Сайрам ауданындағы филиалдары, Кентау қалалық музейінің Шәмет ишан атындағы филиалы үшінші орынға лайық деп танылды.
Экскурсия жүргізушілері бойынша бас жүлдеге облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ие болды. Бірінші орын Төле би аудандық музейіне, екінші орын облыстық тарихи -мәдени этнографиялық орталығы және облыстық тарихи -өлкетану музейінің Ерлік музейі филиалына берілді. Барша жүлдегерлерге облыстық мәдениет басқармасы басшысының арнайы алғыс хаты және ақшалай сыйлық сертификаттары табысталды.