Заң бұзған азамат «Табиғат» жедел алдын алу шарасы барысында қолға түсті. Облыстық Жергілікті полиция қызметі мен табиғатты қорғау инспекторлары бірлесіп өткізген рейдтің мақсаты - экологиялық қылмыстардың алдын алу және анықтау, браконьерлік әрекеттердің жолын кесу, су биоресурстарын қорғау болды. Шара кезінде өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн түрлерін және жер қойнауын өз бетінше заңсыз пайдалануға қатысты 3 экологиялық қылмыс анықталып, 25 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 190 мың теңгеден аса айыппұл салынған.
Мәселен, таулы жерде қару қолданған жігітке қатысты Қылмыстық кодекстің 288-бабы 1-бөлігімен «Қаруды заңсыз жасау» әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Одан өзге Сарыағаш ауданындағы Келес өзені арнасында заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азамат анықталды. 34 жастағы жергілікті тұрғын экскаватормен заңсыз құм-тас қазып саудалап, өз пайдасына жаратып жүрген. Аталған жайт бойынша да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәркіленген техника автотұраққа қойылды.
Полицейлердің мәліметінше «Табиғат» жедел алдын алу іс-шарасы облыс аумағында ағымдағы жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасатын болады.