ОҚО-дағы жалғыз «Мұз сарайы» сатылып кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең үлкен әрі жалғыз «Мұз сарайы» жекеменшікке сатылды. Шымкент қалалық әкімдігінің мәліметінше, спорт кешені 128 млн теңгеге саудаланған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Электрондық аукцион негізінде саудаға шығарылған сарай төмендетілген бағамен сатылып отыр. Оның бастапқы бағасы 996 млн 944 мың теңге болып белгіленген болатын. Алайда бұл сомаға ешкім сатып алуға ниет білдірмеген. Содан кейін оның бағасы төмендетілген.

Шаһар басшылығы 128 млн теңгенің «Мұз сарайының» 67 пайыз үлесіне төленгенін айтады. Спорт кешенін сатып алуға бұл соманы «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-і төлеген. Серіктестік күнгейдегі танымал кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа тиесілі екені белгілі. Кәсіпкер бұған дейін өз иелігіндегі «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-нің атына спорт кешенінің өзге 33 пайыз үлесін де сатып алған болатын.

Айта кетейік, «Мұз сарайы» өңірдегі қысқы спорт түрлерімен жаттығатын жалғыз кешен болып табылады. Алайда оны ұстап тұру біраз қиындық туғызған. Мамандардың сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда  нысанның шығыны 40 миллион теңгеге жеткен.  Шығындардың басым бөлігі коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуінен туындаған еді.