ОҚО: Дәріханаға сатушысы өзін байлап кеткен қарақшылар туралы ойдан шығарған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте дәріхана қызметкері қарақшылар қомақты соманы ұрлап, өзін байлап кеткені туралы оқиғаны ойдан шығарып, полицияға хабарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай аудандық полиция бөліміне қаладағы дәріханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама 24 қаңтар күні келіп түскен.

«Анықталғандай, бетперде киген белгісіз тұлғалар дәріханаға баса-көктеп кіріп, сатушыны пышақпен қорқытқан. 700 мың теңгеден астам ақшаны алып, кете бере сатушының аяқ-қолын скотчпен байлап кеткен.  Аталмыш факті сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 192-бабы («Қарақшылық») бойынша тіркелді», - деп атап өтті Шымкент қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.  

Алайда, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында аталмыш қарақшылық шабуылдың жалған екенін анықтады.

Қазіргі уақытта жалған хабар берген дәріхана қызметкері ұсталып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің  419-бабы («Көрінеу жалған сөз жеткізу») бойынша іс қозғалды.

«Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», - деп нақтылады ІІБ-ден.

Әйелдің бұл әрекетінің себебін және ақшаның ұрланған, не ұрланбағанын тергеушілер анықтау үстінде.