ОҚО еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы мүгедектерден пара бопсалаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы тұтқындалды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы баспасөз қызметінен хабарлады.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, ведомствоның Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері ОҚО еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Б.Сыздықовты тұтқындады. Б.Сыздықовтың аудандық бөлімдердің басшыларымен келісімге келіп, мүгедектігін алғысы келетін немесе оны ұзартуды қалаған еңбекке жарамсыз азаматтардан ақша алып отырғандығы анықталған.

«Мәселен, Б.Сыздықов жеке тұлғадан оның мүгедектігін мерзімсіз ұзартып беру үшін 100 мың теңге сомасында пара алуы барысында жемқорлыққа қарсы қызметтің қолына түсті», - делінген хабарламада.

Күдікті қазіргі уақытта Шымкент қалалық ІІБ уақытша оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.