ОҚО ескекпен есу федерациясы болашақ чемпиондарды жетімдер үйінен іздеп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы каноэ мен байдаркада ескек есу федерациясының басшылығы мен бапкерлері Леңгірдегі жетімдер үйінің жеткіншектерімен кездесті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Балалар ескекпен есу спорт түрлері туралы, соның ішінде каноэ мен байдаркада есу, желкенді қайық пен академиялық ескек есу спорты жайлы айтылған әңгімелерді үлкен қызығушылықпен тыңдап шықты. Жетімдер үйінің басшылығы және оның тәрбиеленушілері аталмыш спорт түрлерінің жаттығу топтарын толықтыруға құлықты екендіктерін жасырмады.

Осыдан соң ОҚО ескекпен есу федерациясының президенті Денис Жәрменов жетімдер үйінің тәрбиеленушілері оқып жатқан жалпы білім беру мектептері жанынан осы спорт түрлеріне қызығушылық танытқан балаларға арнайы сынып ашу жөнінде ұсыныс тастады.

"Су спорты бойынша спорт мектебі тарапынан ай сайын аталған арнайы сыныпқа қаржы бөлініп тұрады, балалар сабақ барысында тегін тамақтандырылады. Арнайы сыныпқа 30 бала іріктеліп алынады және ол өз жұмысын қысқы демалыстардан кейін бастайды", - деді Д. Жәрменов.

Осылайша, федерация игі іс бастап қана қоймай, ескекпен есу спорт түрлеріне жаңа резерв толықтыруды жоспарлауда.