ОҚО-ға Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы келді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Казимжон Камилов келді. Жұмыс сапары барысында көрші елдің соты Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еліміздің Жоғарғы соты департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов көрші елдің бас судьясына елімізде «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» аясында сот реформалары табысты іске асып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, судьялардың жетінші съезінде қойылған тапсырмаларды орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Құжаттарды қабылдау мен процессуалдық сұрақтарды дұрыс түсіндіру, сот отырыстарын сауатты жүргізу мен шығарылған шешімдерді уақытылы беру мәселесі жүйелі жолға қойылғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда аталған сот ғимаратының барлық сот залы аудио және бейне тіркеудің автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Аталған соттың ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша істер қарайтынын, көптеген қылмыстық істерде алқа билердің шешімі де назарға алынатыны айтылды.

Мұнда сотталушылардың іспен танысу бөлмесі, прокурор және адвокаттар үшін арнайы кабинет, алқабилер жиналатын зал, күту залдары, сонымен қатар, судьялар үшін психологиялық демалу кабинеттері ашылған. Сот жұмысымен жіті танысқан Казимжон Фозилұлы Қазақстандағы сот жүйесіне енгізілген озық тәжірибелер екі ел арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап кетті.