ОҚО ғалымдары латын әліпбиіне көшу әдістемесін жасауға қатысады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бір топ ғалым, профессор, ұстаздар және қоғам белсенділері бас қосып, латын графикасын қолданысқа енгізу мәселесін кеңінен талқылады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында жиналған зиялы қауым өкілдері кеше ғана Ақордада ұсынылған жаңа латын әліпбиінің үлгісін бірауыздан қолдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында жиналғандар Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан - үш түркітілдес мемлекеттің тәжірибесінен мысалдар келтіріп, олардың жетістіктері мен кемшін тұстарын сөз етті. Басқосуда аталған институт проректорының міндетін атқарушы Еркін Махашев қазақ тілінің ұлттық ерекшеліктерін сақтау бойынша ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.

«Ғалымдар латын әліпбиіне көшудің әдістемесін жазып жатыр. Бұл жерде жастардың да үлесі зор. Латын әріптерін сауатты қолдану үшін тиянақтылық  керек. Себебі қазақша жазуды жоғалтпай, ұлттық кодты сақтауымыз қажет», - деді Еркін Махашев.

Ғалымдар алдағы уақытта жарық көретін тіл мамандарының әдіс-тәсілдер жиынтығы балабақша және бастауыш сынып балаларына арналатынын тілге тиек етті. «Латын әліпбиі - тың технологиялардың тілі» деген өңір ғалымдары әліпби нұсқасына қолдау білдірді.