ОҚО ғалымы жеміс-жидек пен көкөністердегі нитраттан сақтану үшін кеңестерін ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеміс-жидектер мен көкөністердің сауда орындарына түсе бастағанына көп уақыт өте қоймады. Тіпті, жергілікті шаруалардың бау-бақшалары да өнім беріп үлгерді. Дихандардың қауын-қарбызы қала базарларына жеткізілді. Базарларға келіп түскен өнім құрамындағы нитрат мөлшерін зертхана мамандары тексереді. Дегенмен, сала мамандары қауын-қарбыз таңдауда бәрібір сақтық керектігін ескертеді. Құрамында нитрат шамадан артық болса, соңы улануға соқтырады. Олай болса, жеміс-жидек мен көкөніс таңдауда нендей ережелерді білу керектігін саралап көрсек.

Әр жылы жаздың басында нитраттан келетін қауіп жиі талқыланады. Мамандардың айтуынша, нитрат - барлық тірі ағзада кездеседі. Табиғатта құрамы нитратсыз бірде-бір өнім жоқ. Ол адам ағзасына 70%-ы көкөністерден, 20%-ы судан, 6%-ы ет пен консерві өнімдерінен түседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ережесінде ағзаға тәулігіне дене салмағына 5 мг нитрат жеткілікті. Яғни, орташа салмақ 70 кг болса, тәулігіне 350 мг нитрат болады. Егер адам ағзасына бір күнде 600-700 мг нитрат түссе, ересек жанның өзі уланады.

«Шаруалар жақсы өнім алуда бақша өнімдерін химикатпен өсіреді. Олардың мөлшері шамадан артық болғанда өнімде нитрат адам ағзасын улайды. Сондықтан «Жоғары базардағы» жеміс-жидектер мен көкөністерді күнделікті зертханада сараптаман өткізіп отырамыз. Нитрат-тестер құрылғысы арқылы бірнеше минутта нәтижесін білеміз. Егер оған күдік келтірілгенде нитратомер деген құрылғы нақты сараптама жасайды. Қауын-қарбыз әзірге сатылымға түскен жоқ. Өйткені, алғашқы піскен бұл өнімдерде қауіптілік басымырақ болады. Жоғарыда нитратсыз өнім болмайтындығын айттық. Олардың әрқайсысының стандартты өз мөлшері болады», - дейді ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханасы токсикология бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Назымбекова.

- Үлкен мөлшердегі нитрат көкөністердің ішінде шалғам, ақбас қырыққабат, көк шөптерде көбірек кездеседі. Нитраттың бір ерекшелігі, сумен бірге шығып кететіндігінде. Айталық, сауда орнынан алып келген кез-келген өнімді пайдаға жарату алдында суға салып қойыңыз. Сонда, нитрат суға шығады. Яғни, бұдан кейін олардан ағзаға ешқандай қауіп келмейді, - деді Шолпан Ерғалиқызы. Химик-маман жеміс-жидек пен көкөністердегі нитраттан сақтануда мынадай кеңестерін ұсынады:

- Ерте піскен қарбыз бен қауынды жеуге асықпаңыз. Жемістің қабыққа жақын және сабақ тұсын қалыңдау етіп кесіп алып тастаңыз. Кезінде ата-әжелеріміз сабақ тұсын қалың етіп алыңдар, ол жерге шайтан жиналады дейтін. Оны олар текке айтпаған. Расында нитраттар сол бөлікке көп жиналады. Екіншіден, міндетті түрде қауын-қарбызды біршама уақыт салқын суға салып қойыңыз. Бұл тазалықпен қатар нитраттың шайылып кетуіне ықпал ететін бірден-бір тәсіл.

- Ақжелкен, аскөк, салат жапырағы секілді көк шөптер жарты сағат күннің астына қойып, сосын салқын суға малып алу қажет. Сонда нитраттың біршама мөлшері суда қалады да қауіпсіздеу болады. Және де көк шөптердің сабағын жемеу қажет.

- Кәді жазда тағамға жиі қолданатын көкөніс болғандықтан қабығын мен бас-аяғын қалыңдап етіп кеседі.

- Қырыққабатың сыртқы қабығы мен өзегін жемейді. Оны пайдаға жаратудың алдында салқын суға малып алған дұрыс.

- Картоптың қабығының жасыл тартқаны өте қауіпті. Себебі, осы кезде онда соланин атты улы зат бөлінеді.

- Сәбіз, қызылша, шалғамның аса үлкен көлемдісінің пайдасы жоқ. Сәбіз кемінде 20 см, қызылша 5-6 см болуы тиіс. Олардың бас-аяғын қалыңдау етіп кеседі. Ал, сәбіздің өзегіне дейін пайдаға асырудың қажеті жоқ. Ондағы нитрат өзегіне жиналады.

- Қияр күңгірт-жасыл қабықты болса, оны химикатпен өсіргені. Сондықтан қиярдың басқы бөлігін және қабығын қалыңдау етіп кесіп алу қауіпсіз. Өз бақшаңыздағы қиярды ешбір химикатсыз өсірген болсаңыз, керісінше қабығы мен төменгі бөлігінде пайдалы дәрумендер бар.

- Болғар бұрышының сабағы тұсын молдау етіп кескен жөн.

- Қызанақтың да химикаттар өзегіне жиналады. Оны үй жағдайында анықтау қиын емес. Көкөністі ортасынан екіге жарып, өзегінде ақ тамыршықтар кездессе химикатпен өскендігін білдіреді. Қызанақтың тамыз айында піскені қауіпсіз.

- Пияздың сапасы төмен болса, өткір иісі шығады және өзегі қараяды.

Кез келген тұтынушы сауда орнына келгенде егер өзінде құрылғы болса, нитрат мөлшерін анықтауына құқы бар. Сондай-ақ, сатушыдан зертхананың сараптама құжатын көрсетуін талап ете алады.

Түйін. Енді, қауын мен қарбыздың саудасы қызады. Оларды қаланың кез келген бұрышынан табуға болады. Көлеңкелі орынды паналаған сатушылардың дерлігі өнімін зертханалық сараптамадан өткізеді деп айту қиын. Химик Шолпан Ерғалиқызы осындай сатушылардан қарбыз алғанда, сапасын анықтауда бір шетін кесіп алудың қауіпті екендігін айтады. Ол орынның және оны кесетін пышақтың тазалығынан бөлек, қарбызды дер кезінде жемесе, тез бұзылатындын алға тартады.