ОҚО ІІД-нің әскери-медициналық тексеру комиссиясының төрайымы Б.Сәткенова 17 рет пара алған

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің әскери-медициналық тексеру комиссиясының төрайымы Б.Сәткенова 17 рет пара алған.

Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай таныстырды.

Оның деректеріне қарағанда, Б.Сәткенова медициналық комиссиядан кедергісіз өту үшін делдалдар арқылы 10 мың теңгеден 400 АҚШ долларына дейін пара алып отырған. Ал Алматы облысының Алакөл аудандық Ішкі істер бөлімі Жол полициясы бөлімінің бастығы Т.Абдрахимов мемлекеттік техникалық байқаудан өткендігі туралы куәлікті 28 адамға көлікті тексерместен берген және олардың барлығынан пара алған. Аталмыш азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Осындай қылмысқа барған Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер бөлімі Жол полициясы бөлімшесінің бастығы Т.Канапин 7 жылға бас бостандығынан айырылды.