ОҚО: Қазығұрт ауданының 42 елді мекенінде табиғи газ бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазығұрт ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқын алуда, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Соның бір айғағы шалғайдағы ауданға қарасты Шарбұлақ ауылдық округі тұрғындарының үйлеріне газ қосу салтанатты жиыны. Ал ілкімді істі бастап, аяғына дейін жеткізген мердігер компания - «Жигита» ЖШС. Ауылға газ кіргізу барысында жергілікті тұрғындарды да жұмысқа тартыпты.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін тағы 17 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл үшін аудан бюджетінен 776 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңдағы көрсеткіш бойынша аудандағы 42 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп отыр. Бұл Қазығұрт ауылдарының 65,5 пайызында коммуналдық мәселенің түйіні шешілгенін көрсетеді.

Айта кету керек, 1991 жылы облыстағы 847 елді мекеннің 90 елді мекені табиғи газбен қамтылған болса, 2009-2016 жылдар аралығында республикалық, облыстық бюджеттер есебінен елді мекендерді газдандыру саласына 65 млрд. теңге қаражат жұмсалып 203 елді мекен газдандырылған. Ал еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде бұл көрсеткіш бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарына 847 елді мекеннің 268-і яғни, 1 608 989 халық табиғи газбен қамтылған. Бұл мәліметтерді ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым айтқан болатын. Сондай-ақ ол, биыл жыл соңында 25 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде 293 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізетінін айтты.