ОҚО: Кентауда қос нысан қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді
Қаратау етегіндегі қаламен қапталдас Ащысайда ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. Ащысай ауыл клубы 1938 жылы пайдалануға берілген. Содан бері өнер ұясынан қазақ мәдениетінің көсегесін көгертуге күш салған талай талант түлеп ұшты. «Қара шаңырақта қасиет бар. Қайта жаңғырту арқылы әлі де талай дарынды шығарамыз», - дейді қала басшысы Әбдібақыт Мақұлбаев.
Салтанатты шара барысында ауыл зиялылары мен белсенділері ғимарат ішін аралап көрді. Мұнда келушілер кітапхана, ардагерлер кеңесі, жастар орталығы сияқты арнайы бөлмелерде уақытын тиімді өткізе алады. Ауыл өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында қайта жаңарған тағы бір нысан - Ащысай ауылдық спорт кешені. Қала әкімі денсаулықты шыңдау залын да арнайы келіп көріп, жоғары баға берді. Алдағы уақытта қос орталық та түрлі үйірмелердің ошағына айналып, ұлт салауаттылығы жолында жұмысын үйлестірмек.