ОҚО құтқарушылары той кортежін қар құрсауынан алып шықты

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар той кортежін қар құрсауынан алып шықты. Жаңа түскен келінді ауылға алып бара жатқандар Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел асуында тұрып қалыпты, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.


Таңғы сегіздер шамасында жолға шыққан күйеу жігіт пен туыстары мінген бес көлік Ақтас ауылына бет алған.
Алайда жолдағы қар мен көктайғақтан жүре алмай қалыпты. Өздері шыға алмаған соң құтқарушыларды көмекке шақырған. Оқиға орнына облыстық ТЖД-ға қарасты шұғыл құтқару жасағы аттанады. «Трекол» жол таңдамайтын арнайы көлігімен  жеткен құтқарушылар Шыбықбел асуында тұрып қалған 6 жолаушыны кезіктіреді.

«Олардың бесеуін  біз асудағы құтқару бекетіне жеткізіп тастадық. Бір жүргізуші бізбен бірге барудан бас тартты. Себебі көлігін тастап кеткісі келмеді. «Жол қардан тазартылған соң, өзім кетемін» деп жауап берді»,-дейді құтқару жасағының жетекшісі Павел Вишенин.
 

Қайтар жолда құтқарушылар Шыбықбел асуында тұрып қалған тағы бес адамды құтқарды.

Соңғы жаңалықтар