ОҚО: Мақтааралдық шаруалар қауын-қарбыздың алғашқы легін Ресейге жөнелтті
Мақтаарал ауданында бақша өнімдері былтырғыға қарағанда 10-15 күн ерте пісіп отыр. Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13200 гектарды құрайды.
Қарбыздан алғаш боп өнім алған «Әбіш-ата» шаруа қожалығы 20 тонна өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісі 140 теңгеден. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздың гектарына 30 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.
Диқаншының жұмысына сәттілік тілей келген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев «Әбіш-ата» шаруа қожалығынан өнімнің алғашқы легі артылып жатқан сәтке куә болды.
«Мақтаарал ауданының негізгі күнкөрісі - егіншілік. Сондықтан мұндағы диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баялды, болгар бұрышын егеді. Бүгін міне, қарбыздың алғашқы өнімі Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтілді. Биыл шаруалардың өнімі өтімді әрі өнімді болады деген сенім мол», - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның 631 мың тоннасы мақтааралдық диқандарға тиесілі болатын.