ОҚО мемқызметшілері жарылыстан зардап шеккен отбасыларға бір күндік жалақыларын аудармақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Шымкент қаласы әкімдігі және облыстық басқармалар қызметкерлері қаладағы жеке үйдің жанынан жапсарлас салынған баспанада газ-ауа қосындысы салдарынан орын алған оқыс оқиғадан зардап шеккен отбасыларға бір күндік жалақыларын аудармақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зардап шеккен жанұяларларға қаржылай көмек көрсету мақсатында арнайы жеке есепшоттар ашылады. Аталған мемлекеттік мекеме жұмыскерлері бір күндік жалақыларын қайырымдылық көмек ретінде береді. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен облыс тұрғындары да барынша жан-жақты көмек көрсетуге ниетті. Оқиға болған күні шұғыл түрде авариялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, аталған азаматтарға жергілікті бюджет қаржысынан медициналық және әлеуметтік көмек қолдаулары көрсетілді. Сонымен қатар, зардап шеккен отбасыларды уақытша баспанамен  қамту мақсатында қаладағы 17-18 шағын ауданынан пәтер ұсынылып отыр. Және оқыс оқиғадан қаза болған азаматшаның жерлеуі тиісті мекеме тарапынан ұйымдастырылып, тиісті қолдаулар жасалды.

Еске сала кетейік, 8 қаңтарда Шымкентте жеке тұрғын үй о пырылып құлап, салдарынан 5 адам зардап шеккен еді. Соның ішінде 29 жастағы келіншек үйінде астында қайтыс болған. Қазір осы оқиғаға байланысты арнайы құрылған жұмыс тобы зерттеу ісімен айналысып жатыр.

 

Алмас СҰЛТАН