ОҚО: »Менің Қазақстаным» əн байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов ұлы композитор Шəмші Қалдаяқовтың туған күніне орай өткен "Менің Қазақстаным" əн байқауының марапаттау рəсіміне қатысты, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Онда Бейбіт Атамқұлов  барша Оңтүстік өңірінің жұртшылығын осынау өнер мерекесімен құттықтап, дəстүрлі түрде ұдайы ұйымдастырылып жүрген ән фестивалінің биыл қазақ халқының мақтанышына айналған дарынды композитор Шəмші Қалдаяқовтың туған жерінде тұңғыш рет өткізіліп отырғандығын баса атап өтті.

Сондай-ақ облыс əкімі аталған байқауды келер жылы Созақ ауданында өткізуді ұсынып, Астана қаласы мен Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын да жеткізді. 

«Ұлы жазушы Мұхтар Əуезов айтқандай, Шəмші əуені ХХ ғасырдың төбесінен сорғалап тұрған тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып лирика. Ол ХХ ғасырдың ғана емес, адамзат баласы өмір сүре беретін келешек заманалар төбесінен де тамшылап тұрар құдырет», - деді аймақ басшысы. 

Осылайша, ән әлемінің падишасы, вальс королі Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» конкурсында биыл жүзден жүйрік шығып, бас жүлдеге ие болған болашақ эстрада жұлдызы - Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков болды. Оның шырқаған әндері көрермендердің көңілін баурап алды. Сондай-ақ байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзаттың да орындаған әндері жұртшылық көңілінен шықты. Ол бірінші орынға ие болса, жүлделі екінші орын Созақтан келген Гүлбану Шалабаеваға бұйырды. Үшінші орынға Түркістан шаһарының намысын қорғап келген «Асу» дуэті лайықты деп танылса, облыс əкімінің жүлдесіне арыстық әнші Жұлдыз Әділбекова қол жеткізді. 
Осынау тамылжыған ән төгілген өнер жарысында жарқ  етіп көзге түскен орындаушылар да аз  болмады.
Тағы бір тоқтала кетер жайт,  байқауға қатысқан барша үміткерлерге Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінде Оңтүстік Қазақстан облысының әншілері төрт жыл қатарынан Бас жүлдені жеңіп келген болатын. Бұл шұрайлы оңтүстік өңірінде дарынды да талантты өнер жұлдыздарының аз еместігін аңғартса керек.