ОҚО: Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлау жоспарына сай бүгін «Алас күні» аталып өтуде
Ұлыстың ұлы күнінде табиғат ана да тазарып, түлеуді бастайды. Наурыз мейрамының үшінші күні оңтүстік жұртшылығы арасында - «Алас күні» деп аталды. Аталмыш ұғымның астарында тазалану, тазару деген мағына жатыр.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, өңір басшысы Асқар Мырзахметов халқымыздың ежелгі мерекесін бұқаралық сипат алуы тиіс - жалпыхалықтық сенбілік өткізумен бастауды құп көрді және ортақ іске өзі де үлес қосуды ұйғарды.
Облыс басшысы алдымен Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағын ауданындағы Қан орталығы мекемесі жанындағы аумақтың тазалық жұмыстарына қатысып, дендросаябақта 1 мың түп ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты.
«Береке еткен еңбекпен келеді. Көктеммен келер қарбалыс шақ еңбек адамын тәрбиелейді, тәртіп пен талғамның биік болуын дәріптейді. Елбасымыз да өз тұжырымдамасында азаматтарымыздың еңбекшіл болуына үндейді, өркениеттілікке бастайтын алғашқы қадам тазалық сақтауға шақырады. Әлемдегі үздік елдердің отыздығына талпынып отырған елімізде әрбір азамат осыны терең ұғынып, тәртіп пен талғамды ұстанып, еңбек пен қажырды жұмсауы керек», делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, облыста өтіп жатқан кең ауқымды Наурыз мейрамының үшінші күнінде Төле бидің 350, Абылай ханның 300 жылдығына арналған республикалық айтыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары марапатталмақ. Сондай ақ бүгінгі ұрпақ атынан осынау ардақты бабаларға арналып ас беріліп, Құран бағышталады.