ОҚО-ны жастары киелі жерлерге сапар шекті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының жастары киелі жерлерге сапар шекті. Жас туристер көне Отырар қалашығында болып, Шыңғыс хан әскеріне алты ай төтеп берген шаһарды тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған шара киелі жерлерге тағзым етіп, Елбасы мақаласын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Облыстық Жастар орталығы бастап барған бұл саяхатқа 30 жас тартылды.
 

«Туған жер» жобасы негізінде сапар шеккендер әлемге әйгілі ойшыл философ, бірнеше ғылымды қатар меңгерген Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жерді көріп, тарихымен танысты. Аристотельден кейінгі екінші ұстаздың қайталанбас қыры мен сырына қанықты.

Айта кетейік, Әбу Насыр Әл-Фарабидің  физика, математика астрономия, ботаника, музыка сынды бірнеше ғылымда мәңгі қолтаңбасын қалдырған. Алайда, оның соңынан қалған құнды деректер мен мұраларын екінің бірі қолмен ұстап, көзбен көрген емес. Мұндай мүмкіндік шымкенттік жастарға бұйырды. Олар көне шаһардағы ғалым мұражайына бас сұқты. Сондай-ақ, жас туристер ежелгі Отырар қалашығында 19 ғасырдан бері жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысты. Ондағы мамандардың сөзінше, бұл маңның топырағын түрткен сайын түрлі қыш құмыралар мен қару-жарақтар көптеп табылады. Оның өзі отандық ғалымдар мен шетелдік туристердің асқан қызығушылығын оятып отыр.
 

«Туған жер» бағдарламасы осылайша жастар тарапынан қолдау табуда. Жыл соңына дейін бұл жоба бойынша 10 мың жастар киелі мекендерге сапар шегеді деп күтіліп отыр. Елдің бүгіні мен ертеңін сабақтастырып, тарихын келешекке аманат ететін жас саяхатшылардың сенбілік тарихы сапары ақысыз болады. Тек ол үшін жастар алдын ала тіркеліп келсе болғаны.