ОҚО-ның 2016 жылға арналған бюджеті оңтайландырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында бюджетті оңтайландыруды тапсырған болатын. Осы міндеттерді орындау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының 2016 жылға арналған бюджеті оңтайландырылып бекітілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Бюджетте материалдық-техникалық базаны нығайту, іс-шараларды өткізуге арналған шығыстар барынша қысқартылып, кеңсе мен шаруашылық тауарлары және азық-түліктің бағасына мониторинг жүргізу нарықтық бағада қарастырылды. Коммуналдық шығындарды да үнемдеу тапсырылды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр мәлім етті. Қаржының басым бөлігі үш ауысымды және апатты деген білім ошақтарына бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысына, бюджеттік мекемелерді күтіп ұстауға, өтпелі нысандардың құрылысын аяқтауға бағытталып отыр. «Қазіргі қиындықтардан шығудың жолы Елбасы белгілеп берген «Бес институттық реформа және оны іске асырудың 100 қадамында» нақты айқындалып отыр. Осы құжатта мемлекетке де, азаматтарға және кәсіпорындарға ерекше жоғары талаптар қойылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер айқындалған. Қойылған міндеттерді орындау мақсатында, облыста бірқатар жұмыстар жүргізілуде»,- деді өңір басшысының орынбасары. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде мүлікті жария ету акциясы өтуде. Аталған акцияның мерзімі келер жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Облыста 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс тұрғындарынан 32 млрд. 849 млн. теңгені құрайтын 3504 өтініш келіп түскен. Оның 2385 өтініші бойынша құны 20 млрд. 547 млн. теңгені құрайтын мүліктер заңдастырылған.