Осыған дейін 4 науқасты отаға бейімдеп үлгерген ангиографияның қарапайым рентген аппаратынан тиімді тұстары өте көп. Бұл қондырғы ангиография қантамырлары мен оның төңірегіндегі ұлпаларды рентген сәулелері арқылы тексерудің жаңа әдісі болып табылады. Мұның тиімділігі орасан. Қозғалыс шектеліп, қан тамырлары тарылып, онда ақау көбейген тұста диагнозды дөп басуға септігін тигізеді. Арнайы аппарат қантамырға орналастырылатын арнайы катетер арқылы жұмыс істейді.
Айта кетейік, жаңа әдіс Астана, Алматы, Атырау қалаларының медициналық мекемелерінде қолданылып үлгерген. Енді, соңғы үлгідегі жаңа технология игілігін шымкенттік дәрігерлер де көретін болды. Philips Allura Xper FD 20/15 жоғары класты бипланды ангиографиялық жүйесі науқастар үшін сәулелік жүктеменің төмендігімен, шолу аумағының кеңдігі және суреттің жоғары сапалы болуымен тиімді болып отыр. Аппарат көмегімен дәрігерлер науқастың жүрек, бүйрек, өкпе және миына оталық ем қаншалықты қажет екенін жоғары сапада анықтай алады.
Енді, жыл сайын Облыстық клиникалық ауруханада осы ангиограф жүйесімен 1000-ға жуық жоғары мамандандырылған оталар мен 1500-ден аса зерттеулер жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Ал, қантамыр аурулары бойынша зардап шеккен науқастар нәтижелі емнің игілігін көрмек.