Мысыр елінің астанасы Каир қаласындағы Гизза ауданында армрестлинг спортынан Әлем кубогы кезеңі аясында Қазақстан мен Египет құрамаларының жекпе-жегі өтті. 11 салмақ дәрежесі бойынша жерлестеріміз Африка құрлығының мықты спортшылары саналатын мысырлық қарсыластарымен күш сынасты. Сәсекеде Шардара ауданының жігіттерінен құралған Қазақстан Республикасының құрамасы ел намысын қорғап, жеңімпаз атанды. 60 келіде сынға түскен Медет Оразбеков Африка құрлығының чемпионы Омар Саидтан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 65 келі салмақта Талғатбек Рүстембек Абдел Рахманды, 70 келі салмақта Ержан Әбілда Салах Әшрафты, 75 келі салмақта Талғат Ақтаев Мұстафа Юсрийді айқын басымдықпен ұтты. Бұл үш қарсылас та Африка құрлығының чемпиондары. Ал, 80 келіде ортаға шыққан Мағжан Шәмиев Әлем чемпионатының жүлдегері Мұхаммед Сарахтан басым түссе, 85 келідегі Ғалымжан Қарсыбаев Египет мемлекетінің чемпионы Мұстафа Тоғатты жеңді. 90 келі салмақтағы айтулы палуанымыз Нұрдәулет Сәдуақасов Египет елінің чемпионы Алас Елдиннен, 95 келідегі Ғани Малбасов Египет елінің тағы бір чемпионы Абдал Насерден басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 100 келі салмақта Қыдырғали Оңғарбаев Әлем чемпионатының жүлдегері Мұхаммед Абдел Рахманды жеңсе, 110 келі салмақта Рысдәулет Мұхамбетов Египет чемпионы Абдел Сайидтан басым түсті. 110 келіден жоғары салмақта күш сынастырған Медет Құттымұратов Африка құрлығының чемпионы Ахмед Моннаны айқын басымдықпен ұтты.
Айта кетейік, Шардаралық спортшылардың алыс сапарға барып келуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Енді таяу уақытта Қазақстан-Өзбекстан құрамаларының қол күресшілері күш сынасады деп күтілуде. Бұл бәсеке мамыр айының бас кезінде Шардара қаласында өтеді.