ОҚО-ның Мақтаарал ауданында жаңа әкім тағайындалды
Әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, Елбасы бекіткен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы түрде жүзеге асыруға атсалысу қажеттілігін айтты.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлді. Әсіресе бұл саланы цифрландырып, өнім көлемін арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл жұмысты үйлестіруде Жамантай Бейсенбаевтың тәжірибесі мен біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Бүгінде мұнда көктемгі егіс науқаны қызып жатыр, мақта тұқымы толық жеткілікті. Осы көктемгі уақытты тиімді пайдаланып, егін егуді ұтымды жүргізуді, экономиканы әртараптандыруды және өндіріс саласына инвестиция тартып, көкөніс пен бақша дақылдарының экпортын ұлғайтуды тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтып, сол бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды және еңбек ресурстарын реттеуді, халықты жұмыспен қамтуды тапсырды. Осы ретте, әкім еңбек күші мол Мақтаарал ауданынан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, елді сол жақта шаруашылықпен айналысуға шақыруды міндеттеді.
2011 жылдың шілде айынан бастап Мақтараал ауданының орталығы Жетісай қаласының әкімі, 2015 жылы Мақтаарал ауданының әкімі лауазымын атқарған. Ал 2016 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болып еңбек етіп келген еді.