ОҚО-ның озат оқушылары тарихи-танымдық сапарға шықты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында  мектептің озат оқушылары бүгін тарихи-танымдық сапарға шықты. Керуен көш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдарлама бойынша озат деген 150 оқушы 5 күн бойы өңіріміздегі тарихи мұражайлармен танысады. Бұл тоқсанаралық демалыста бала жанын рухани сергітуге арналған тағылымды шара болып отыр. Жасөспірімдердің  «Облыс тарихы» атты керуен -шеруінің алғашқы күні Сайрам ауданында өтеді. Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелерінен бастап, әулиелі-әмбиелі аймақтың тарихи мекендерін аралайды. Келесі күндері Отырар, Бәйдібек аудандарында іс-шара жалғасатын болады. Бұл ретте сала мамандары сапардың маңызын балаларға «өткеніңді танып, тарихыңды ұғыну - рухани жаңғырудың алғашқы баспалдағы» деп түсіндірді.  Бұл шерудің өскелең ұрпаққа берері мол, -дейді жетекшілер.

Сапар барысында балалар тарихи маңызы бар орындарды аралап қана қоймайды. Көрген-білгенін суретке түсіріп, сол жайында шығарма жазады. Бес күннің қорытындысы бойынша ең үздік еңбектер сарапталып, жүлделі баға беріледі.  Осылайша, озат оқушылар демалыс күндерін тиімді өткізіп, елтану мәселесінде жүйріктіктерін паш етпек.