ОҚО-ның Шардара ауданында 9 отбасы баспаналы болды
Атап айтқанда, Егізқұм, Достық, Сүткент ауылдарында 9 үйдің құрылысы аяқталып, пәтер иелеріне жаңа үйдің кілттері табыс етілді. Үш ауылдағы салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жолдыбай жаңа қонысқа ие болып отырған азаматтарға құтты болсын айтты.
«Қазіргі таңда мемлекетіміз халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген бағдарламаларды өмірге әкеліп, елдің игілігіне жаратып жатыр. Шалғайдағы ауылдардан барлығы 9 үйді арнайы комиссияның шешімімен тапсырып отырмыз. Бұл үйлерге негізінен, көп балалы отбасылар, дипломды жас мамандар қоныстанады. Жаңа қоныстарыңыз жайлы болсын!» - деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Үйлерді тапсыру кезінде шашу шашылып, жанұялар жаңа баспаналарына қоныстанды. Өз кезегінде шалғай ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамаларға ризашылықтарын білдірді.
«Жас мамандарымыз бүгін үйлі болып, қуанып жатыр. Мұны мемлекетіміздің үлкен қамқорлығы деп түсінеміз. Мерекеде мерейімізді асырып жатқан аудан басшыларына алғысымыз шексіз», - деді Сүткент ауылының қариясы Оразбек Сейдомаров.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының мәліметінше, алдағы уақытта «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында тағы да Алатау батыр, Көксу ауылдарынан бір пәтерлі жаңа үйлердің құрылыстары жүргізіледі.