ОҚО-ның таулы ауданында африкалық ерекше балық өсіріліп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының таулы ауданында  Африка жайыны өсіріліп жатыр. Аптап ыстықта өмір сүретін балық бұлақ суында көбеюде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Түлкібас ауданының шаруалары Ресейден әкелінген балықты арнайы бассейіндерде өсіруде. Бүгінде 100 мыңға жуық шабағы  бар шаруашылықта балықтарға  қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.

Мәселен, оларға арнайы жем дайындалып, қоректенділеді. Сонымен қатар, судың температурасын бірқалыпты сақтау үшін бассейіндерге арнайы жылу жүйесі орнатылған.

Арнайы күтіп бапталып өсірілген бір балықтың өзі 120 келіге дейін ет береді. Жерсінбей өсіп келе жатқан Африка жайынын Төле би ауданы мен Түркістан, Шымкент қаласының тұрғындары да сатып алған. Мұндағы шаруашылықтың негізгі мақсаты -  шабақтарды қолдан көбейтіп, облыс халқын  ерекше балық етімен қамтамасыз ету.

Балық өсіруші бұл балық түрі жайлы мәліметті интернеттен оқып, тіпті Ресей балықшыларынан тәжірибе алмасқанын айтады. Алдағы уақытта шаруашылық мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізіп, жұмысын ары қарай ұлғайтуды көздеп отыр.