ОҚО-ның Төле би ауданында 2 медициналық нысан пайдалануға берілді

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында аудандық емхана мен орталық аудандық ауруханасының пайдалануға берілуінің салтанатты шарасы өтті.

Жаңа медициналық мекемелер жақын орналасқан. 3 жылдай уақыт жүргізілген құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4 млрд. теңге жұмсалған.

«Сіздерді осы нысандардың ашылуымен құттықтаймын. Президент медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттары, материалдық-техникалық жабдықтарды реттеу қажеттілігі туралы айтқан еді. Бүгінде бұл нысандар барлық талаптарға сәйкес салынып, тамаша жабдықтармен қамтамасыз етілген», - деді облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов.

Орталық аудандық аурухана 180 адамды сыйдырып, емхана бір ауысымда 200-ге дейін адам қабылдай алады. Онда 41 дәрігер мен 150 медбике жұмысқа тұрды. Бұл жерде тіпті диагностикалау және ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар орнатылды. Маммолог, көз дәрігері және флюорография кабинеттері бар.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметтерінше, 2014 жылы облыста денсаулық сақтаудың 68 нысаны салынды. Соның 64-і пайдалануға берілді. Биыл 25 медициналық мекеменің құрылысы жүріп жатыр.