ОҚО-ның тұрақтандыру қорынан 165 млн теңгенің тауары жоғалды
Құзырлы орган өкілдері бас-аяғы 165 млн.-ға жуық теңгенің өнімі табылмай отырғанын мәлімдеді. Қазір бұл іспен өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі айналысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Мұндай фактілерді тексеру жасаған орган өкілдері анықтады. Әзірге қандай да бір талан-тараж туралы нақты айту ертерек. Соттың үкімі жоқ, кінә дәлелденбеген. Себебі, келісімшарттар бар, тауар бостан-бос жоғалып кетпеген»,-деді «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов.
Облыстық прокуратура өкілдерінің тексеру қорытындысына сәйкес, «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты мамандары 2015 жылдың қазан айынан 2017 жылдың қаңтар айына дейін 164 810 085 теңгенің тауарын талан-таражға ұшыратқан. Ал осы жылдың 21 ақпан күні екі компанияның бұрынғы басшыларының үстінен қылмысты іс қозғалды.
Айта кетейік, тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің жетіспеушілігі жайындағы ақпарат «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығы ауысқан соң айтыла бастады. Тұрақтандыру қоры осы корпорацияның құрамына кіреді. Осыған орай ұлттық компанияның жаңа басшысы мен облыстық әкімдік тауарларды тексеріп, кемшілікті анықтаған. Әзірге қоймадан нақты қанша өнім кемігені белгісіз. Дегенмен, материалдар өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті өкілдеріне тапсырылды.
Құзырлы органдардың мәліметінше «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» ЖШС-нің жетекшілері мен жауапты қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы, 3-бөлігімен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық соты «Оңтүстік» азық-түлік компаниясы» ЖШС бас директоры О.Бақтыбаевты қамауға алу туралы санкция берген.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 840 млн теңгеге әлеуметтік маңызды азық-түлік сатып алынған. Тұрақты қордағы бұл өнім базардағы баға қымбаттай бастағанда сатылады. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік қорының өкілдері қойманы таяуда тағы да толтыра бастаймыз деп отыр.