ОҚО: Өрттен қаза тапты деген келіншектің пышақталғаны анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өрттен қаза болған келіншекті қайынжұрты жерлемек болған. Алайда тәртіп сақшылары мәйітті тексеру барысында оның  бірнеше жерінен пышақталғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық оқиға Сарыағаш ауданында болған. Полицияның кезекші бөліміне Абай ауылының жедел жәрдем экипажынан 30 жастағы әйелді электр тогы соғып, нәтижесінде қайтыс болғаны жайлы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобына туыстары марқұмның өз үйінде өртеніп өлгенін айтқан. Өртті әйелдің 7 жасар баласы көріп, көршілерін көмекке шақырған. Жалын сөндірілгеннен кейін әйелдің мүрдесі сыртқа шығарылған. Марқұмның денесі дәстүрге сай ақ матаға оралып қойғандықтан, оны полиция қызметкерлеріне көрсетуден бас тартылған.  Бірақ полиция қызметкерлері туыс-туғандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде  қаза болған әйелге сот-медициналық сараптама жасалды.

Оның қорытындысына сәйкес, 1987 жылы туған келіншектің денесінің көкірек және қарын тұсында кесіп-тесілген жарақаттар бар екені, ол соның салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Оны жасаған  күдікті қылмысын жасыру мақсатында мәйітті өртеп кеткені белгілі болды.

Әйелді өлтірді деген күдікке алғашында күйеуі ілігіп, ұсталған болатын. Алайда тергеушілердің тыңғылықты  жұмыстарының нәтижесінде нағыз қылмыскер артынша қолға түсті. Ол 1990 жылы туған Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында оның марқұм әйелге сезімі болғаны, алайда ол күйеуінің бар екенін айтып, көңілдес болудан бас тартқаны анықталды. Осыған ашуланған сезікті оны өлтіріп, өртеп жіберген. Қазіргі таңда оның үстінен Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалып, қылмыс толығымен дәлелін тапты.

Іс сотқа жолданып, күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.