ОҚО Отырар ауданында арнайы көмекшілер мүгедектерді алдап жүрген

ШЫМКЕНТ. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - ОҚО Отырар ауданында жеке көмекшілер мүгедектерді алдап жүрген.

ОҚО прокурорлары арнайы көмекшілер жұмысынан көптеген заң бұзушылықтарды тапты. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметінде айтылды.

Құжаттар бойынша арнайы көмекшілер мүгедектерді емханаға, поштаға, әкімдікке, кітапханаға жетектеп апарған. Іс жүзінде бұл мүгедектердің көпшілігі қозғала алмайды. Соның арасында көмекшілер өздерінің іс жүзінде жасамаған жұмыстары үшін 204 мың теңге сомасында заңсыз жалақы алған. Мұндай заң бұзушылықтар 4 арнайы көмекшінің жұмысынан анықталған.

Екі көмекшіге қатысты ҚР ҚК 177-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қалған екеуі өз еркімен мемлекетке келтірілген залалдың орнын толтыруына және тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмады. Сонымен қатар, көмекшілердің бірі психоневрологиялық диспансердің емделушісі екені белгілі болды. Ол «шизофрения» диагнозымен тіркеуге алынған.