ОҚО: Отырарда «30 дамыған ел жолындағы инновациялық Қазақстан» атты жиын өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «30 дамыған ел жолындағы инновациялық Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дөңгелек үстелге аудан әкімі Ерлан Айтаханов, Д.Құрманбек атындағы №20 кәсіптік колледж директоры Талған Бейсен және жеке кәсіпкерлер мен колледж студенттері қатысты. Шара барысында колледж оқытушысы Сәуле Шохаева баяндама жасап, баяндамасында елімізді дамудың даңғыл жолына түсірген Елбасымыздың «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп келе жатқанымызды сөз етті. 

Дөңгелек үстел қонақтары «ONTUSTIK» КҚКО ЖШС-нің Отырар аудандық филиалының директоры А.Төлімбетов пен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Отырар аудандық филиалының менеджері Қ.Жақашев жиын барысында туындаған сауалдарға жауап беріп, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлерді тың жобалармен айналысуға шақырды.

Дөңгелек үстелде сөз алған аудан басшысы: «Индустриалды-инновациялық саясат - бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнімнің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған бүгінгі жаһандану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие. Дамыған елдердің экономикасының үздіксіз алға басуы инновациялық қызметті үнемі қолдап, қуаттайтын және ынталандыратын саясаттың арқасында мүмкін болып отыр.

Бұл саясат ел экономикасының бұзып-жарып алға шығуын қамтамасыз ететін озық технологияны, басқарудың жаңа түрлерін, ғалымдар мен өнертапқыштардың ойлап шығарған жаңа дүниелерін тез өндіріске енгізіп отыруға бағытталған. Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат - мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады,-деді.

Елімізде бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламалары аясында тың жобаларға арнайы гранттар қарастырылған. Осыған орай инновациялық жобаларды қолға алуды жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, сұрақтарға жауап берілді