Судьяның сөзінше, лауазымды тұлға Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 4-бөлігімен күдікті деп танылған.
«Нұржан Теңлібаевқа қылмыстық қудалау органдары «Лауазымды тұлға бола тұра адамдар тобымен сөз байласып, аса ірі көлемде пара алған» деген айып тағып отыр. Қазір бізде қаралған материал бойынша ол 144 мың АҚШ долларын және 4 млн 500 мың теңгені пара ретінде алған деп айыпталып отыр», - деді судья.
Ғани Байарыстанның дерегіне сүйенсек, айыпталушы бұл лауазымды қызметті 2014 жылдан бері атқарып келген.
«Ол кісі - департаменттің кеден саласын бақылайтын орынбасар. Облыстағы кеден бекеттерінің жұмысын қадағалау, тәртібін бақылау өзінің функционалдық міндеттеріне кірген. 2014 жылдан бері осы аталған қызметте жұмыс істеп келеді. Әйелі, төрт баласы бар. Білімі жоғары. Жалпы 1991 жылдан бері кеден саласында қызметте. Қазіргі қызметін 2014 жылдан бері атқарып келеді. Ол сондай-ақ бұған дейін аймақта жаппай ұсталған кеден саласындағы 15 адамның ісіне қатысы бар деп күдіктеліп отыр. «Қазығұрт», «Қапланбек», «Атамекен» және «Сарыағаш» кеден бекеттері қызметкерлерінің ісімен байланысты», - деді судья.
Естеріңізге салайық, 2 маусым күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюро Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаевты ұстаған болатын. Лауазымды тұлғаға "Қылмыстық жоспарды ұйымдастырып, оған өзіне бағынышты төрт кедендік бекеттің басшыларын тартқан, сыртқы экономикалық қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алуды ұйымдастырған» деген айып тағылған еді.
Ұлттық бюроның мәліметі бойынша, Нұржан Теңлібаев 2017-2018 жылдар аралығында алған заңсыз сыйақының көлемі 1,2 млн АҚШ долларына жеткен. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.