ОҚО прокуратурасында кадрлық ауысулар болды
Ведомствоның баспасөз хатшысы Шағала Момынханқызының хабарлауынша, ОҚО прокурорының бірінші орынбасары болып бұған дейін облыс прокурорының орынбасары қызметін атқарған Ибрахим Иманов тағайындалды.
Әбіл Қожахметов облыс прокурорының орынбасары болды, бұған дейін ол қадағалау органының екініші департаменті басқармасы бастығының қызметінде еді. Кентау қаласының прокуроры болып бұған дейін ОҚО прокуратура аппаратының жетекшісі қызметін атқарған Жомарт Нұрғали тағайындалды.
ОҚО прокуратура аппаратының жетекшісі болып Қуанышқожа Османов тағайындалды. Шардара ауданының прокуроры қызметіне Талғат Сейдуәлиев тағайындалды. Оған дейін бұл қызметті атқарған Асқар Алтыбаев енді түзеу мекемелерінде заңдылықты бақылау бойынша мамандандырылған прокурор болып жұмыс істейді.
Бұл қызметтен Махат Зұлпыхаров кетіп, Түлкібас ауданының прокуратурасына басшылық ете бастады. Түлкібас аудандық прокуратурасының бұрынғы прокуроры Нұржан Жамалбеков облыстық прокуратураның тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бойынша басқармасының бастығы қызметіне ауысты. Қазығұрт аудандық прокуратурасының прокуроры болып Бақытжан Тұрдыбеков тағайындалды.