И. Имановтың сөзіне қарағанда, отбасындағы зорлық-зомбылық, ұрыс-жанжал мен айқай-төбелес жекелеген адамдардың білімсіздігінен, әдепсіздіктен, жұмыссыздықтан туындайды. Ал осындайлардың қатары қоғамда көп болса, жарқын болашақтың ауылы алыстайды. Міне, осыған байланысты Елбасы халықтың санасын көтеретін, намысын оятатын ой-пікірін жолдаған болатын. Ол бүгінгі күннің тақырыбы - рухани жаңғыру болып табылады.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуі мүмкін дейді мақаласында. Бәсекелік қабілет дегеніміз - нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық қана өнім емес, сонымен бірге, білім, қызмет немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін»,- дейді облыс прокуроры.
Оның айтуынша Елбасы мақаласында Қытай мен Жапон елін үлгі етеді. Өйткені дүние жүзінде осы елдердің шығарған киімін кимеген, көлігін мінбеген, теледидарын көрмеген адамдар санаулы.
«Егер қазақстандықтар жер жүзіне, үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды деген пікір айтты Елбасы. Қазір диванда жатып саясатқа араласатындар саны көбейіп келеді. Өзгерістерді халықты бөліп-жарып, бір-біріне айдап салып, революция жолымен әкелуге де тырысып жүргендер жеткілікті. Бүгінде кейбір мемлекеттерде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, тағы да басқа перделер жамылып басталып, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталып жатыр. Осыған байланысты, Елбасы өз мақаласында Қазақстан - революциялық емес, эволюциялық дамуды таңдауы керек деген тұжырым айтты. Біз, қалаймыз ба, қаламаймыз ба, бірақ жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәрі бізге сынақ. Сондықтан біз оған дайын болуымыз керек деп Елбасы бізді сақтандырып отыр», - дейді Ибраһим Иманов. Яғни, кез-келген Қазақстандық таяудағы он жылда өмір салтымыз өзеретінін түсініп, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу қажет. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға күш салу керек.
«Мінезі түзу адам ортаға жайлы адам, қашан да айналасына бақ-береке әкеледі. Бұндай адамдардың айналасында зорлық-зомбылық деген түсінік жүрмейді. Сондықтан бұл Жоба рухани жаңғырудың бір бағыты ретінде біздің өңірде іске асырылып жатыр»,- деді облыс прокуроры.