Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Бүркіт Байдуллаевтың айтуынша, екі ай бойы ауруханада емделіп шыққан жүргізуші Бейбіт Өмірбаев қазір соттан қашып жүр.
Естеріңізге салайық, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен депутат Қамытбек Айтөреевтер қаза тапқан жол апаты 23 шілдеде Шымкент-Самара тас жолының 107 шақырымында болған еді. Тергеу барысында жол апаты жеңіл көлік жүргізушісінің мұқиятсыздығынан орын алғаны анықталды. https://kaz.inform.kz/news/oko-da-kolik-apatynan-deputat-pen-akimnin-kenesshisi-kaza-boldy_a3048200
«Жүргізуші Бейбіт Өмірбаевқа Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша іс қозғалып, айыптау актісі Түркістан қалалық сотына түскен. Басты сот талқылауы 16 қазан 2017 жылға тағайындалған. Алайда сотқа айыпталушы мен жәбірленушілердің заңды өкілдері келмеген. Осыған байланысты сот отырысы тағы 25 қазанға, кейін 31 қазанға қалдырылғанымен, онда да келмеген. 7 қараша күні тағайындалған сот отырысына айыпталушы келмеген. Оның 4-ші рет сотқа келмеуіне байланысты енді іздеу жарияланды», - дейді Бүркіт Байдуллаев.
Судьяның айтуынша, жүргізуші осы уақытқа дейін ауыр жарақат алуына байланысты, бас шарасы бостандықта жүрген. Қазір енді сотқа негізсіз себептермен келмей отыр. Енді ол іздеу жариялау арқылы ұсталады. Ары қарай соттың алдында жауап беретін болады. Ал, қашып жүруіне байланысты қосымша айып тағылмайды.