ОҚО: Төлеби ауданында өткен жарыста шардаралық жас боксшылар жүлдемен оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО Төле би ауданындағы Көксәйек ауылында Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Семей ядролық сынақ полигонына қатысушы Асқар Есімбековті еске алуға арналған бокстан ІІ республикалық турнир өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Байрақты бәсекеге 2002-2003 және 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Осынау кілең мықтылар жиналған үлкен турнирге Шардара аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары да қатысып, бақтарын сынап келді. 

Ринг төрінде өнер көрсеткен жігіттеріміз жерге қаратпады. Бірнеше салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды иемденіп, ауылға абыроймен оралды. Жүлде алған жас боксшыларымызға келер болсақ, 30 келі салмақта қолғап түйістірген Мейірбек Смағұл ІІІ орынды, 32 келіде рингке шыққан Ринат Жайлыбай ІІІ орынды, 36 келіде сынға түскен Димаш Ноғайбек ІІ орынды, 40 келіде сынға түскен Нұржан Серікбай ІІІ орынды және осы салмақтағы Нұрдәулет Сейдахмет ІІ орынды, 42 келідегі Алмат Әжбенбек ІІІ орынды, 44 келідегі Олжас Айдар ІІІ орынды, 52 келідегі Арсен Базарбай ІІІ орынды, осы салмақтағы Марат Тұрсынбек ІІ орындарды бағындырып, қоржынға жүлде салды.