Аудан әкімдігінде өткен қабылдауға 9 азамат қатысып, көкейдегі мәселелерін көтерді. Олардың қатарында ауылдарды мектеп және тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдарды дамыту сияқты өзекті проблемалар бар. Мәселен, Қазығұрт ауданына қарасты Қақпақ ауылының тұрғыны Жұмабек Айтеков 700 гектар жайылым жерді осы күнге дейін пайдалана алмай отырғанын айтады. Өйткені Өзбектанмен шекаралас аумақта орналасқан жерлер әлі күнге заңдастырылмай, ауыл тұрғындарына берілмей отыр екен. Ал, өзбек елінен келетін Зах Келес каналында жылдар бойы тазалау жұмыстары жүргізілмегендіктен қамыс басып кеткен. Су насостары істен шығу салдарынан шаруашылықтарға су жетіспейді деп отыр. Айтылған екі мәселеге депутат Сәкен Қаныбеков жауап берді. Оның сөзінше шекарадағы жайылымдық жерлер әлі ратификацияланбаған. Әлі күнге ауданның жер қорына өтпеген. Екі ел тарапынан жер бөлу құжаттарына қол қойылып, заңдастырылған соң ғана бұл мәселе нақты шешімін табатын болады. Ал Қазығұрт ауданы үшін маңызды саналатын каналдың мәселесін еліміздің Су комитетінен жеткізетінін айтты. Себебі, ауыл арасындағы каналдар мен арық-атыздарды талапқа сай ұстау осы комитеттің құзыретіне кіреді. Ондағылар өз міндеттерін дұрыс атқармаса халық қалаулылары Үкіметке дейін мәселені жазамыз деп уәде етті.
Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдауға келгендер ауылшаруашылық қаражатын несиеге беретін банктер аудан орталығынан ашылса, әлеуметтік салаларға қатысты тендер өткізу мерзімінен кешіктірілмесе деген ұсыныстарын ортаға салды. Ауылдағы малдың терісі мен жүнін қабылдайтын нысандар жұмыс істеп, жеміс жидектер мен көкөністер сақтайтын қойма немесе шырын шығаратын цехтар ашуды сұрады. Базбірі EGOV электронды порталының жұмысын жеңілдету арқылы қолжетімді болса деген өтінішін айтса, Смайыл Ташқараев деген азамат ауыз су жетпейтінін жеткізді.
Айтылған проблемаларға қатысты депутаттар жеке-жеке тоқталып, жағдайды жан-жақты түсіндіруге тырысты.
«Халықтың тарапынан қойылып жатқан мәселелерді біз зерттеп, ертеңгі күні жұмысқа шыққан кезде топтастырып, республикалық деңгейде мәжілісте көтеріп, шешу жағын қарастырамыз. Олардың арасында негізінен ауыз су проблемасы көп айтылуда. Бұл мәселе кей жерлерде облыстық деңгейде шешілсе, енді бірі Республикалық деңгейде шешу қажет. Ондай мәселелерді біз республикалыяқ деңгейде шешуді ойластырамыз», - деді депутат Сәкен Қаныбеков.