ОҚО тұрғындарының банктегі салымдары 303,7 млрд теңгені құрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында үстіміздегі жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша тұрғындардың банкке салған депозиттерінің жалпы көлемі - 303,7 млрд теңгені құрады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әнуар Амангелдіұлының айтуынша, шетел валютасындағы салымдар - 7,8 пайызға қысқарса, ұлттық валюта салымдары - 5,4 пайызға өскен. Ал, биылғы қаңтар-ақпан айларында теңгенің бағамы бір АҚШ доллары үшін 320,30 теңге болып, ұлттық валюта 3,6 пайызға нығайған. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалы өңірдегі 239 валюта айырбастау пунктерінің қызметін мониторингілеуді жүзеге асырады.

«2018 жылдың алғашқы екі айында облыста АҚШ долларын сатып алу көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,20 пайызға ұлғайып отыр. Еуроны сатып алу көлемі - 14,47 пайызға азайып, Ресей рублін сатып алу - 12,14 пайызға ұлғайған», - деді Әнуар Амангелдіұлы.
 

Айта кетерлігі, Ұлттық банктің алтын валюта резервтері ақпанның соңында 31,4 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 2,2 пайызға өсті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері - 59,4 млрд АҚШ долларына бағаланып, қазіргі таңда жалпы халықаралық резервтер - 90,8 млрд АҚШ долларын құраған.

Жалпы, қаңтар айында жалпы Қазақстан бойынша жаңа кредиттерді беру көлемі - 830 млрд теңгеге жетті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтар-ақпан айларында жаңа кредиттерді беру көлемі - 59,2 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көбейіп отыр.