ОҚО жастары «Тәуелсіздікке тарту» акциясын өткізді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесіне байланысты ауданның бір топ белсенді жастары «Тәуелсіздікке тарту» акциясын өткізді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Акция аясында «Арыстанбаб» кесенесіне зиярат жасап келген туристерге жергілікті қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары сыйға беріліп, құрмет көрсетілді. Шара барысында Қырғызстан, Башқұрт, Өзбекстан, Украйна, Ресей елдерінен келген қонақтар акцияның ұйымдастырушыларына алғыстарын айтып, ел Егемендігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. 

Татулық пен ауызбіршілік тұрақтылықтың кепілі екендігіне Елбасымыздың жүргізіп отырған салиқалы саясаты арқылы куә болудамыз. Халықаралық татулықты сақтап, ұлттар достастығын нығайту, Тәуелсіз еліміздің 25 жылдық мерейлі күнін мерекелеудің аясын кеңейту, отандық өнімдерді насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан акция 16 желтоқсанға дейін жалғасын табатын болады. Айта кетейік, әрқашанда қоғамның қозғаушы күші жастар болып есептеледі. Сондықтан, жастарға артылатын жауапкершілік пен міндеттер көп әрі талап та күшті. Жастарға еліміздің Тәуелсіздігін қастерлеп, туын құлатпай ұстау жауапкершілігі артылады. Олар қоғамның кез келген маңызды шараларына белсене атсалысуы қажет.