Жиында облыс әкімі Ж.Түймебаев биылғы жылғы стратегиялық құжаттың аймақтың дамуына жол ашатын басым бағыттарына кеңінен тоқталды.
«Биылғы жолдау ел экономикасын нығайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жасқарту бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Осы орайда өңірімізде экспортқа бағытталған кәсіпорындардың санын арттыру мақсатында жергілікті тауар өндірушілердің бәсекелік қабілеттілігін жоғарлатып, облысымыздағы 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын экспорттық айналымды 2 есеге арттыруымыз қажет. Елбасымыздың бізге әрдайым қоятын басты талабы - жеке және шетелдік инвестиция көлемінің экономикадағы үлесін арттыру. Өңіріміздегі бүгінгі таңдағы 14,5 пайыз көлеміндегі шетелдік инвестицияны 2020 жылға дейін 25 пайызға ұлғайтуымыз керек. Бұл үшін біздер инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, оларға тиімді жағдай жасауға тиістіміз. Бүгіннің өзінде облыстың барлық өңірлерінде инвесторлармен жұмыс істейтін арнайы мобильдык топтар құрылған», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Елбасының биылғы Жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, елімізде инвестициялық климатты нығайту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керектігі, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар жүргізуге басымдық беріліп отыр. Бұл тұрғыда өңірде дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу арқылы жүйелі жұмыстарды қолға алу қажеттігі нақтыланды.
Келелі кеңесте сөз алған облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов Елбасы Жолдауындағы саяси ұтымды ұсыныстар мен басым бағыттарды атап өтті. Сондай-ақ, жиында облыстық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асқар Әбубәкіровтер сөз алып, Елбасы жолдауының ұтымды ұсыныстары туралы пікірлерін ортаға салды.
Бұдан бөлек, жиында өңірдегі аграрлық секторды дамытып, экспорттық өнім көлемін арттыру мәселесі сөз болды. «Сондықтан бірінші кезекте облыстағы ірі каналдарды қалпына келтіріп, суармалы жерлердің көлемін 900 мың гектарға жеткізуіміз қажет», - деді жергілікті билік өкілдері. Міне, осы айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындай отырып, 2025 жылға облыстың жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесін 9 пайыздан 15 пайызға ұлғайтуға мумкіндік туады.
Кеңесте Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асырудың бағыттары белгіленді. Атап айтсақ, ІТ саласын дамыту, аграрлы-индустриалды аймақта инновациялық индустрияландыру трендін түзу және күшейте түсуге баса назар аударылды. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар жұмыстарын жандандыру негізге алынды.
Жиын соңында Жолдауды халыққа түсіндіру және іске асыру шараларын бекіткен қарар қабылданды. Енді үгіт-насихат топтары халық арасында Жолдауды кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Айнұр Ақбаева