Өкпе обырын ерте анықтайтын жүйе неге енгізілмей отыр – депутат сауалы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев атына депутаттық сауал жолдады.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Депутаттың айтуынша, елімізде жасанды интеллект саласының даму бағытындағы жұмыстар көбіне формалды сипат алып отыр.

- Өкінішке қарай, іс жүзінде Президенттің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмалары көбіне профанацияға айналып, би билейтін роботтар мен ChatGPT арқылы жасалған мазмұны жұтаң суреттер деңгейінде қалып отыр, – деді Пономарев.

Сауалда атап өтілгендей, 2023 жылы Дүниежүзілік банк гранты аясында және Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, өкпе қатерлі ісігін компьютерлік томография арқылы анықтайтын жасанды интеллект жүйесі әзірленген. Жобаға мыңнан астам маман қатысып, әзірлеушілер тарапынан 2 млрд теңге инвестиция салынған. Сонымен қатар 200-ден астам медициналық ұйым мен 500-ге жуық құрылғыны біріктіретін цифрлық инфрақұрылым құрылған.

Алайда депутаттың мәліметінше, үш жыл бұрын Үкімет жанындағы кеңесте пилоттық жобаны іске қосу туралы шешім қабылданғанына қарамастан, жүйе әлі күнге дейін толық енгізілмеген.

- Үш жыл бойы іске толық дайын жүйе не себепті пайдаланылмай отыр – бұл сұраққа нақты жауап жоқ, – деді ол.

Сергей Пономарев өкпе обыры Қазақстанда онкологиялық аурулар арасындағы өлім-жітім бойынша бірінші орында тұрғанын атап өтті. Жыл сайын бұл дертке 3 мыңнан астам адам шалдығады. Оның айтуынша, ерте диагностикалау көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты депутат Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының әрекетіне баға беруді, өкпе обыры скринингін кепілдендірілген медициналық көмек пакеті аясында енгізу мәселесін қайта қарауды және экологиялық тәуекелі жоғары өңірлерде скринингті басым тәртіппен жүргізуді ұсынды.

Айта кетейік, Ұлыбританияда өкпе рагына қарсы РНҚ вакцинасының сынағы басталды.