Өкпе обырын тексеруге барған 914 адамның 39-ынан қауіпті өзгерістер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өкпе обырына скрининг кезінде 39 адамнан күдікті өзгерістер табылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ДСМ

Қазақстанда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы аяқталды. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың шеңберінде халықтың ақпараттандырылуын арттыруға және өкпе ауруларын ерте анықтауға бағытталған іс-шаралар барысында 1 287 адам онколог дәрігерлердің кеңесін алды.

Олардың 914-і кеуде қуысы ағзаларына төмен дозалы компьютерлік томографиядан (ТДКТ) өтті. Акцияға Қазақстан тұрғындарымен қатар, шетелде тұратын отандастарымыз да қатысты. Германиядан келген екі қазақстандық елімізде болған кезінде акцияға қатысып, медициналық тексеруден өтті.

— Тексеру барысында 39 адамнан (4,3%) өкпеде қатерлі ісікке күдік тудыратын өзгерістер анықталды. Олар диагнозды нақтылау үшін қосымша тексеруге жіберілді. Сонымен қатар дәрігерлер70 адамнан обыр алды өзгерістерді, ал 433 адамнан басқа да ауруларды анықтады. Қатысушыларға диагнозды нақтылау үшін тағы 218 қосымша тексеру мен зертханалық талдау жүргізілді, — дейді мамандар.

Акция барысында онкологтар қатысушылармен жеке ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осындай тәсілдің арқасында бастапқыда тексеруден өтуден бас тартқан көптеген қатысушы өз шешімін өзгертіп, зерттеуден өтті.

— Апта қорытындылары тек онкологиялық үдеріске күдік тудыратын өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар әрі қарай медициналық бақылауды қажет ететін обыр алды жағдайлар мен басқа да ауруларды анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті, — деп атап өтті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Мұхтарұлы Аманқұлов.

Ерте диагностика мәселені дер кезінде анықтап, қажетті емді уақтылы бастауға мүмкіндік береді. Сондықтан жоғары қауіп тобына жататын адамдардың тексеруден өтуді кейінге қалдырмай, диагностиканың қажеттілігін дәрігермен талқылағаны маңызды.

Бұдан бұрын тегін онкологиялық скринингте 1837 обыр жағдайы расталғанын жаздық.