Оксфорд студенттері қазақ тілін үйрену үшін Түркістанға барды

АСТАНА. KAZINFORM - Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің студенттері Түркістан қаласына қазақ тілін үйрену үшін келді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Оксфорд студенттеріне арналған екі апталық «Қазақ тілін үйрену бағдарламасы» басталды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негізін меңгерту, ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және Қазақстанның тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері мен ұлттық құндылықтарын таныстыру.

Бастама Ұлыбританияның білім беру бағдарламаларына қазақ тілін енгізуге бағытталған Oxford Birsöz жобасының практикалық жалғасы саналады. Жоба туралы алғаш рет Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы 2 қарашада айтып, Қазақстан мен Оксфорд университеті арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өткен болатын.

Бағдарлама барысында Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілінің негізгі грамматикалық құрылымдары мен сөздік қорын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіреді. Сабақтарды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылары заманауи әдістемелер негізінде жүргізеді.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бағдарламаның ғылыми-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары атсалысты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде меңгертуге бағытталған оқу-әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдерді әзірледі.

Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен қалыптасқан академиялық байланыстары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында тіл сабақтарымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық тағамдарымен танысады.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сондай-ақ Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапарлар ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарлама қатысушылары аталған қалалардағы тарихи-мәдени ескерткіштермен, киелі орындармен және сәулет нысандарымен танысады.

-Бұдан бөлек, Оксфорд университетінің студенттері Ахмет Ясауи университетінде өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына қатысады. Жоба қазақ тілін шетелдік аудиторияға кеңінен танытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру, ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған,-делінген хабарламада.

Осыған дейін қазақ асханасының Женевада Michelin мейрамханасында таныстырылғаны туралы жаздық.