Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытыла бастады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Оксфорд университетінде арнайы бағдарлама негізінде қазақ тілі ресми түрде оқытыла бастады. Oxford Birsöz Initiative жобасы аясында Ләйлә Сұлтанқызы үш ай бойы шетелдік студенттермен тікелей жұмыс істемек. Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған тележүргізуші өзінің бұл ұсынысты қалай алғанын айтып берді.

– Бұл мен үшін де үлкен тосынсый болды. Азия және Таяу Шығыс зерттеулер факультетінің профессоры Лейла ханым хабарласқанда қатты қуандым. Ол кісі: «Қазақ тілінің аясы кеңейіп, жастардың арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып отыр. Біз “Болашақ” бағдарламасымен барған студенттермен көптеген зерттеулер жасадық. Соларды көпшілікке таныстыруды және қазақша сөйлегісі келетін жастарға орта құруды жоспарлап отырмыз», – деп ұсыныс айтты. Әрине, мен бұл ұсынысты бірден қабылдадым, – дейді студия қонағы.

Тележүргізуші бұған дейін шетелде академиялық білімін жетілдіруді армандап жүргенін жасырмады.

– Менің үлкен ұлым Нидерландыда оқиды. Біз оқыған кездегі академиялық білім мүлде басқа еді. Қазіргі балалардың оқу бағдарламасы мүлде өзгеше. Балаларыма бірдеңе түсіндірейін десем, кейде өз білімім жетпей қалғанын байқаймын. Сол кезде: «Неге мен де оқымасқа?» – деп ойладым. Ішімде «шетелде оқысам» деген арман бұрыннан бар болатын. Бұған дейін Швейцарияда оқып көрдім. Бірақ бұл жолы тұрақты түрде тұрып, оқысам деген едім. Мен үшін ең бастысы – білікті профессорлармен пікір алмасып, академиялық білімімді толықтыру. Сондықтан күзде үш айға жол жүремін. Ал келісімшарт жалпы екі жылға жасалды. Қалған уақытта келіп-кетіп, түрлі шаралар ұйымдастырып жүремін, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Тіл маманы қазақ тілін үйренуге ниетті жастардың басын қосып, Spiking Club ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Алғашқы мақсатым – Spiking Club ашу. Бұл тек қазақ жастары үшін емес, қазақ тіліне қызығатын басқа ел жастарын да біріктіретін алаң болады. Ол жақта «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан, докторлық диссертациясын қорғап жүрген қазақ жастары бар. Ұстаздар арасында өзбек, әзербайжан тілдеріне қызығушылық байқалады. Ал түрік тілі ол жақта бұрыннан оқытылады. Сондықтан, егер қазақ тіліне де қызығушылық туып, ұсыныстар түсіп жатса, неге бұл бағытта жұмыс істемеске? – дейді ол.

Студия қонағы жаңа ұсынысқа қатысты өзге де жоспарларымен бөлісті.

– Spiking Club нақты бір бағытпен шектелмейді. Түрлі саланы қамтимыз. Болашақта еліміздің түрлі саладағы үздік мамандарын Оксфордқа шақырып, дәріс оқыту – үлкен мақсаттарымның бірі. Ол жақтағы жастарға біздің мамандарды неге танытпасқа? – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Ләйлә Сұлтанқызы шетелде, әсіресе қазақ музыкасы аса танымал екенін тілге тиек етті.

– Байқасаңыздар, қазақ мәдениетіне, әндеріне деген сұраныс өте жоғары. Әсіресе, қазіргі буын өкілдері шетелде де аса танымал. Олар менен бірінші болып қазақ музыкасы туралы сұрады. «Сіздердің музыкаларыңызды жастар тыңдайды, киноларыңызды жақсы көреді», – деді. Бұл – жаңа серпін. Жас буын әлемдік сахнаны жаулап жатыр деген сөз, – дейді тележүргізуші.

Айта кетейік, өткен жолы ғылымды қазақ тілінде түсіндіретін Qazaq Bubble жобасы туралы жазған едік.