Оқшаулану оңай емес, бірақ бұл қазір өте қажетті шара - Зарема Шәукенова

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты, экономикалық жағдай әлі де күрделі екендігін атап өтті.

Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«15 сәуір күні төтенше жағдай енгізу туралы Президент Жарлығының мерзімі аяқталады. Бірақ індеттің таралуы мен адамдар қазасының статистикасы төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін созуға тура келетінін айқын байқатты. Коронавирус ауруының шарықтау шегінен әлі өткен жоқпыз. Осы себепті Президент елорда, Алматы, Шымкент қалаларында және тиісті облыстарда карантин режимін сәуір айының соңына дейін ұзартуды тапсырды», - деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы карантинді, өзін-өзі оқшаулау тәртібін сақтаудан басқа амал жоқ болғандықтан осы шешімді қабылдауға мәжбүр болды.

«Президент жағдайдың қаншалықты маңызды екендігін, мәселеге жеңіл қарауға болмайтындығын байқатты. Иә, оқшаулану оңай емес, біздің өмірімізде мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Бірақ бұл - өте қажетті шара және отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы. Бұлай жасамасақ, Президент айтқандай, індет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді», - деді З. Шәукенова.

Сонымен бірге, Үкіметке әкімдермен тығыз байланыс орната отырып, еліміздің екі ірі қаласында шағын және орта бизнесті тоқыраудан біртіндеп өркендеуге алып шығу үшін, ең алдымен әрқайсысымен жеке-жеке жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Біздің алдымызда екі міндет тұр – азаматтарымыздың денсаулығы үшін карантинді сақтау, сонымен бірге кәсіпорындарды жеке-жеке жұмыс режиміне ауыстыру. Сонымен бірге, бұл үлкен қауіп екенін түсіну керек. Бұл жағдайда облыстар мен орталыққа бағыныстағы қалалар басшыларының жауапкершілігі бірнеше есе артады. Президент атқарушы биліктен шешімдерді әзірлеу мен қабылдауда байыпты болуды және президенттің тапсырмаларын орындауда барынша жауапкершілікті күшейтуді талап етті.

Мемлекет басшысы осы қиын-қыстау кезеңде өз іс-әрекетінде мықты, ерік-жігерлі, жауапкершілікті және байсалды көшбасшының шынайы қасиеттерін көрсете отырып, терең адамгершілік танытты. Президент халықтың барлық шағымынан хабардар. Бірақ, дағдарыс барлық кемшіліктерді көрсетумен қатар, біз пайдалануымыз қажет үлкен мүмкіндіктерге ие екенін байқатты. Сондай-ақ кемшіліктерді де уақтылы түзету қажет», - деді Зарема Шәукенова.


Соңғы жаңалықтар