Оқу-ағарту министрлігі бюджет шығындарын үнемдеуге кірісті

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, білім саласында бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министр Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармалары мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларымен онлайн форматта кеңес өткізді. Кездесу барысында Президент тапсырмасына сәйкес шығындарды қысқарту және қаражатты тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Министрліктің мәліметінше, енді білім саласының ресурстары формальды сипаттағы шараларға емес, нақты сапаға бағытталады. Осыған байланысты есеп беру үшін өткізілетін форумдар мен жиындардың саны қысқартылады. Республикалық және өңірлік іс-шаралар тізіміне қатаң ревизия жүргізіліп, тек білім мазмұнын байытып, оқыту сапасын арттыруға ықпал ететін жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болады.

Сонымен қатар кеңесте өңірлердегі кризистік менеджмент сапасы мен бала қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Министр мектептердегі техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы, бейнебақылау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі, күзет қызметінің тиімділігі және оқушылар арасындағы психологиялық ахуалдың бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.

Өңірлік басқарма басшыларына жергілікті жерде жедел әрі батыл шешімдер қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ ата-аналармен кері байланысты күшейту мектептегі қауіпсіздік экожүйесінің ажырамас бөлігі екені ескертілді.

Айта кетейік, депутат мектептер орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту керектігін айтты.