Оқу-ағарту министрлігі TikTok-ты шектеуге қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева елімізде TikTok-тың балаларға әсері туралы пікір айтты.
Оның айтуынша, кез келген зиянды мазмұндағы контент балаларға да, ересектерге де кері әсер етеді.
- Бұл тұрғыда TikTok-ты жасаған Қытайда балаларға осы желіні күніне 40 минут қана пайдалануға рұқсат етілген. Сонымен қатар, онда контентке шектеу қойылған, яғни балаға тек білім беру мен дамуға арналған материалдар ғана көрсетіледі, - деді Наталья Жұмаділдаева Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол TikTok-қа елімізде шектеу қою мүмкіндігіне қатысты түсінік берді.
- Әрине, заңнама аясында мұндай бастамаларды қолдайтын боламыз, - деді бірінші вице-министр.
Еске салсақ, жақында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою керек екенін айтты.
Бұған дейін TikTok-тағы қысқа видеолардың миға әсері туралы жазған едік.