«Оқу ақымды төлемеді»: «Болашақ» студент шағымына жауап берді

Коллаж: Kazinform/ Pixabay/ Freepik/ DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқитын кей қазақстандық студенттің оқу ақысы уақтылы төленбеген. Осы мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Аида есімді студент оқу ақысы төленбегендіктен жаңа семестрге жіберілмегенін айтып, жазба жариялаған еді.

— Мен АҚШ-та магистратураның 2-курсында оқимын. Қазіргі таңда — «Болашақ» ХБО тарапынан төлем жасалмағандықтан оқуымды жалғастыра алмай отырмын. Бірнеше күннен кейін семестр басталады, алайда қаржыландыру жоқ деген себеппен университет мені оқуға жібермеді, — деп жазды ол.

Аталған жағдайға байланысты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Vanderbilt University-дегі студенттің оқу ақысы 25 желтоқсанда толық көлемде төленген, ал бұл туралы ақпарат университеттің Student Accounts бөліміне жолданған.

— Қазіргі уақытта АҚШ-та рождестволық каникул жүріп жатыр. Осыған байланысты университет тарапынан жүйеде қолжетімділік әлі ашылмауы мүмкін. Университет жұмысын қайта бастағаннан кейін мәселе толық шешіледі, — деді ол.

Министрлік пен «ХБО» АҚШ-та оқып жатқан «Болашақ» стипендиаттарының оқуына қатысты жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Бұдан бұрын 225 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.