Оқу орындарында әскери дайындық пәніне арналған құралдар қауіпсіздігін зерделейтін жұмыс тобы құрылды - ОҚО
16:21, 20 Қараша 2014
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің өкімімен аудандар мен қалалардағы оқу орындарында бастапқы әскери дайындығын өткізу және жаттығуға арналған оқ-дәрілерді қолдану кезіндегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін зерделеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.
Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков жетекшілік ететін топтың құрамына облыс әкімі аппаратының, құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық білім басқармасының жауапты қызметкерлері, сонымен қатар, аудан, қала әкімдері енгізіліп отыр. «Жұмыс тобы оқушылар мен педагогтардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім беру ұйымдарында өтетін оқу-жаттығуларда оқ-дәрілердің белгіленген талаптар шеңберінде қолданылуын, сақталуын қадағалап, түгендеу шараларын атқаратын болады», - делінген баспасөз баянында.